Жыл басында әкімдер халық алдында өткен жылы атқарылған істерінен есеп беріп, биылғы шаруаларының жоспарын баяндаған болатын. Есептік кездесуінде аудан әкімі Арман Өтеғұлов «Ауыл шаруашылығы өндірістік кооператив жұмыстарын жандандыруды қолға алу ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз етуге, өндірілген өнімді өткізуге мүмкіндік жасайды. Осы бағытта аудан әлеуметтік бағдарламалар бойынша («Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту «Еңбек» бағдарламасының 2-ші бағыты бойынша) берілетін грант алушылардың жұмысын сүйемелдеу және толыққанды жұмыс жасауға қол жеткізу үшін жұмыстанады» деген еді.

 

 

Жыл басталғалы үш ай болды. Кооперативтер құрылып жатыр ма? Құрылғандарының жұмысы қалай жүріп жатыр? Ауыл шаруашылығында тер төгіп жүрген жерлестер өндірістік кооператив құруға көзқарастары қандай?

Ендеше, алдымен аудандағы ауыл шаруашылығы кооперативтері жайын баяндайық.

Дәл бүгінге ауданда 23 ауыл шаруашылығы кооперативі тіркелген. Солардың 18-і жұмыс жасап тұр. 15 кооператив ірі қара және оларды тұқымдық түрлендіру бағытында жұмыс жасайды. Екі кооператив сүт қабылдаумен, бір кооператив - су жеткізумен айналысады.

Теректіде осыдан 5 жыл бұрын 26 АӨК қызмет жасап тұрған екен. Бір жылдан соң 3 кооператив қызметін тоқтатыпты. Қазір де 5 кооператив жұмысын «қаңтарып» қойған. Бұған не себеп?

Мамандардың айтуынша, әр кооперативте  әртүрлі болғанымен, жұмыс тоқтауына себеп болған ортақ үш мәселе бар көрінеді. Біріншіден, ауылшаруашылық жері берілмеуі кедергі болады. Мемлекеттік қолдау қаражаттарының (субсидия) қолжетімді болмауы, өздеріне қажетті техника, құрылғы-қондырғылар сатып алуға жағдай болмауы да кооперативтердің жұмысын тоқтатуына соқтырып отыр.  Мысалы, 2017 жылы өндірістік кооперативтер «Ынтымақ» бағдарламасымен сатып алған техника-қондырғыларын кепілге қою арқылы қажеттігін өтеді. Қазір бұл бағдарлама жұмысын тоқтатты. Сондықтан қазір техникамен  қамтамасыз ету тетігі жоқ.

-Дегенмен «жоқ» деген сөзге байланып отыра беруге болмайды. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауындағы «Ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес» деген сөзді біз ауыл шаруашылығымен айналысатын мамандар мен қожалық басшыларына  берілген тікелей тапсырма деп түсінеміз. Мал өсіру мен егін салуды қатар жүргізетін біздің ауданда осы тапсырманы орындауға әлеует мол.

Президенттің «Біз горизонтальді кооперацияның әлеуетін де естен шығармауымыз қажет. Онсыз агроөнеркәсіп кешенінде қарқынды даму болмайды. Басы бірікпеген жеке қосалқы шаруашылықтар, шын мәнінде, өлместің күнін көріп отыр. Бұл ретте, сапалы әрі мол өнім өндіру, үздіксіз тауар жеткізу туралы сөз қозғаудың өзі орынсыз. Бәсекеге қабілетсіздік пен импорттан арыла алмай отыруымыздың себебі де осында» деген сөздерінің жаны бар. Аудан аумағында ауыл шаруашылығы өндірісін ұйымдастырушы мекеме ретінде осы олқылықтардың бар екенін көзбен көріп жүрміз. Сондықтан қазір біз аудандағы ауылдық окрутерді аралап, шағын шаруашылықтардың кооперативке бірігу жолын түсіндіріп жүрміз. Құрамына аудандық мәслихат депутаттары, аудан әкімі орынбасарлары, округ әкімдері, қоғамдық белсенділер және де осы шаруаның  ыңғайын білетін кәсіпкерлер мен қожалық басшылары біріктірілген жұмыс тобын құрылды. Мақсатымыз – ауыл шаруашылығын дамытуда күш біріктірудің тиімді екенін түсіндіру, жұмылдыру. Осы орайда біз Президенттің «Кооперация кезінде жер және басқа да мүлікке қатысты барлық құқықтар сақталады. Кооперация шаруашылықтарға шикізат сатып алу, өнім өндіру және оны сатуды ұйымдастыру барысында күш жұмылдыруға мүмкіндік береді. Ауыл еңбеккерлерінің ауыр жұмысы тым арзан бағаланады. Бұл – жасырын емес. Табыстың басым бөлігіне алыпсатарлар кенеліп жатады. Сондықтан субсидия және салық жеңілдіктерін беру бағдарламалары аясында ауылдық жерлердегі кооперацияны ынталандыру үшін тиісті шаралар топтамасын әзірлеу қажет» деген сөздерін басты дәлел ретінде қолданамыз,- дейді Теректі ауданының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысы Нұрлан Бердіғалиев.

Аудан аумағында сүт өңдеу, етті бройлер тауықтарын өсіру, көкөніс-бақша, жеміс-жидек өсіру бағыттарында кооперативтер құру қаралған. Кооперативке мүше болғандар бірқатар жеңілдікке де ие болады екен. Мысалы, мал-құспен айналысқандарға құнарлы азық, жем-шөп өзіндік құнмен беріледі. Өсімдік шаруашылығында отырғызылатын көшеттер мен тұқымдар да тап солай, өзіндік құнмен ұсынылады. Және өнім өткізуде көмек-жеңілдіктерге ие болады.

Кооперативтің тиімді жақтарын ұғынған шаруалар іске де кірісіп кеткен.

Подстепное ауылдық округі аумағындағы «Төлеңгіт» қожалығы басшысы Қанат Дакишев:

-Мен осы жерде шаруашылық ұстағаныма 6-7 жыл болып қалды. Басында 2-3 қарамен бастаған ісім оңға басты. Қазір сүт өндірумен айналысамыз. Малға жем-шөпті өзіміз дайындаймыз. Қолымда 150 бас ірі қара бар. Оның 100-і асыл тұқымды. 2018 жылы «Сыбаға» бағдарламасымен 60 бас сүтті симментал тұқымды мал алдым. Аналық мал қолдан ұрықтандырудан өтті. Қарашадан бастап бұзаулап жатыр сиырлар. Күні бүгінге 34 сиыр саууда тұр. Әрқайсынан күнге 10-12 литр сүт аламыз. Облыс орталығы жақын ғой, сол жердегі сауда орындарына сүт-май, ірімшік-қаймақ өткіземіз. Жағдайым жақсы. Дегенмен осы деңгейде тұра беруге болмайды. Даму керек, ілгерілеу керек. Сондықтан өндірістік кооперативке біріккен дұрыс деп ойлаймын. Қазір өз шаруашылығым негізінде «Адал» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативін құруды қолға алдық. Жоспарда қуаттылығы тәулігіне 5000 литр сүт өңдейтін цех салу. Тапсырылған сүтті әрі қарай өңдеп, дайын өнімді аудан, облыс аумағындағы үлкен сауда жүйелері арқылы халыққа ұсынатын боламыз. Бұл істің тиімді боларына көзім жетіп тұр. Түсінік жұмыстарын жүргізетін жұмыс тобы құрамында ауылшаруашылығымен айналысатын теректіліктермен кездескен жерде де осы ойымды айтудамын, - дейді.

Бұл ойды нақты сандармен де дәлелдеуге болады. Ауданның кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі берген мәліметтерге сүйенсек, 2020 жылы ауыл шаруашылығы кооперативтері жалпы 133 миллион 593 мың теңге табыс түсірген екен. Соның ішінде сүтпен айналысқан жалғыз кооператив - Покатилов ауылындағы «Достық» 305 тонна сүт өндірген. Өндірілген 1 литр сүтке 20 теңгеден есептегенде 6,1 млн. теңге субсидия төленді. Мал шаруашылығындағы 15 кооператив 66,5 тонна ет өткізген. Жалпы өткен жылы кооперативтер 19,9 млн. теңге субсидия алған ол өте аз.

Әзірге бақша-көкөніс салумен, құс өсірумен айналысатын шаруашылықтар ішінде кооперативке жұмылғандар жоқ. Шаған ауылдық округі аумағында, Барбастау өзені бойындағы 9 шаруашылық пен аудандағы мемлекеттік бағдарлама бойынша қайтарымсыз грант алғандар басын біріктіру, кооператив құру жұмысын бастады.  

Шаған ауылдық округі жерінде көкөніс салатын «Миронов Н.Ф» қожалығының басшысы Анна Миронова:

-Жыл сайын көкөніс саламыз. Жұмыс ерте көктемде басталады. Содан қара күзге дейін тыным көрмейміз. Науқан кезінде 10-12 адам жұмыс жасайды. Өнім аламыз. Тек, бір кем жері – оны сатып, еңбегіміздің пайдасын көруде қиналамыз. Арнайы көтерме сататын орын жоқ. Оралға апарып, базар-дүкен аралап жүріп өткіземіз. Тағы бір мәселе – минералдық тыңайтқыштар. Осы жерге бақша салғанымызға 20 жылдай болды. Құнарлылығы төмендеді, әрине. Сондықтан, тыңайтқыш салу қажет. Бұл екі мәселе тек бізге ғана тән емес, бақша-көкөніс салғандардың бәріне ортақ. Сондықтан да, бірігу керек деп ойлаймын. Өндірістік кооперативке біріккен кезде жұмыс жасау, сапалы тұқым алу, өнім өткізу де жеңіл болады деген ойдамын,- деп пікірін білдірді.

Жылдап тәжірибе жинақтаған Анна Анатольевнаның пікірін Ақсуат ауылдық округі, Пойма ауылының  тұрғыны, өз ісін ашуға ынталы Елена Бондарь да құптайды.

-Былтыр мен өсіруге тегін 100 балапан алдым. Оның жартысы 1 күндік, жартысы бір апталық болды. Бұрыннан үйде құс ұстаған тәжірибем болғандықтан шығар, тек 2 балапан ғана шетінеді. Сол кезде балапан алған талай адамның шығын жасап, құсты қырып алғанын естіп жүрдім. Оған себеп – біріншіден, Үкіметтің қайтарымсыз грантпен берген үлкен мүмкіндігін кейбіреулер дұрыс бағаламады. Екіншіден, бізде бірігу болмады. Бір ауылдың ішінде отырсақ та, кімнің қалай балапан өсіріп отырғанынан хабарсыз болдық. Әркім өз алдына, білгенінше бақты. Сосын, балапанды жемдеуде көп қателіктер болғанын есіп жатырмын. Бізге балапан бергенде, екі аптаға жетер жемін қоса берді. Ол таусылған соң қаржылық жағы тартпағандар қолда бар дақылдарды араластырып берген. Ветеринар мамандар көмегіне жүгінбей, ауру шығуына жол бергендер болды. Қысқасы, баққан балапанды пайдаға асыра алмауға грант алушылардың басы бірікпегенінен болды деп ойлаймын. Алдағы уақытта құс өсіремін деушілер өндірістік кооперативке біріксе, жеңіл болар еді,- деп отыр.

2020 жылы жалпы бағдарламалар шеңберінде 13 326 балапан үлестірілген. Соның тек 6 пайызы ғана, яғни, 932 данасы сойылып,  сатылған. Түскен  пайда -  2 799 000 теңге. 5 141 (38,5 % ) балапан шетінеп кеткен. «Ұшып» кеткен шығын мен пайданы есептей беріңіз...

-Бройлер балапан өсіру – тез арада іске асатын жоба екеніне көзім жетті,- дейді Ақсоғым ауылдық округі аумағында «Құсшы» атымен танылған кәсіпкер Ербол Кенжалиев.

-Өзім осы Ақсоғымның баласымын. Мектеп бітірген соң білім қуып, қалаға кеттім. Жоғары білім алдым. 2012 жылы ауылға оралуға бел байладым. Алғашында қырғауыл ұстаумен айналыстым. Содан құс ұстайтын үлкен шаруашылықтарға барып, осы іске қаныға бастадым. Тиімділігіне көзім жеткен соң бройлер тауықтар ұстауға ден қойдым. Бройлер балапандарды кезең-кезеңмен аламыз. Бір кезеңде мың балапанға дейін кіргіземіз қораға. Күтімі жарасса, 60-65 күнде союға болады. Оны соятын, өңдейтін орын, тоңазытқыш – бәрін де сайлап алдық.

Құспен қатар ата кәсіп - мал бағуды ұстаймын. Ангус асыл тұқымды бұқаны жалға алып, ауыл табынына қосып көрдім. Биыл ауылдастар «сиырым қара бұзау туды» деп сүйіншілеп жүр. Яғни, тұрғындардың ауласындағы ірі қара асылданыруға бет бұрды деген сөз. Енді, ауылдағы үлкендігі ешкідей болып кеткен қойларды да асылдандырамыз деген жоспар бар. Ол үшін ауылдағы жігіттер кооперативке бірігеміз деп отырмыз,- деп Ербол Ислямғалиұлы жақсы жоспарымен бөлісті.

Аудандағы ең шалғай Ақсоғым округінде шаруашылық ұстап отырған Ербол Кенжалиевтің тірлігіне қарасаң, таң қаласың. Бас-аяғы 7-8 жыл ішінде шаруашылыққа мықты негіз қалап алған. Құс қорасы таза, табиғи отынмен жылытылады. Сәуірде алынатын балапандардың алғашқы партиясын қабылдауға ішін зарарсыздандырып, дайындап жатыр. Ірі қара мен жылқы қорасы да тиянақты. Қыстан шықса да, шөп қоры әлі мол. Айта берсең, мақтай беруге тұрарлық. Осындай іскер азаматтарды көргенде, көңіл толады.

«Ортақ өгізден оңаша бұзау артық» демей, шаруашылығын ірілендіру, ол үшін бірігу қажеттігін түсінген көзі ашық кәсіпкерлер «өндірістік кооперативке біріккен барлық мүшелеріне тиімді болады» деп отыр.

 Қазақстанның басқа өңірлерінде қанат жайып үлгерген өндірістік кооперативтер жұмысымен танысу үшін ауданнан делегация Ақмола, Алматы облыстарында болып келді.

Ақмола облысы, Ақкөл ауданындағы Азат ауылында «Азат Ет» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативіне 176 адам мүше. Негізгі бағыты – мал бордақылау. Қосалқы шаруашылығында мал ұстайтын тұрғындарды біріктірген ұжым  қазір осы бағыттағы тұрақты да нәтижелі жұмыс көрсетіп отырған  кооперативтердің бірі.

35 шаруа қожалығын ұйымдастырған «Шелек фермерлері» Алматы облысының Еңбекші қазақ ауданында қызмет жасап тұр. Жоба 2014 жылдың желтоқсан айында басталған. Кооперативтің негізгі идеясы фермерлерді қажетті сапалы өнімді шығара отырып, жерде тиімді жұмыс істеуді ғана емес, оларды бухгалтериямен жұмыс істеуге, жолдың жиегіндегі ұсақ сауда, базарға шығумен шектелмей, толыққанды бизнестің барлық циклін құру және жүргізу,  қазіргі заманғы бәсекеге қабілетті, заңдық тұрғыдан сауатты кәсіпкерлер сапын қалыптастыру еді.

Сол идеяны «Шелек фермерлары» іске асырды да. «Шелек фермерлері» кооперативі қызметінің қорытындысы таңқаларлық – осы уақыт ішінде кооператив өз шаруашылықтарының табыстылығын 30%-ға арттырды, көкөністерді өсіру алаңын ұлғайтып, Алматы қаласының супермаркеттеріне көкөністерді тікелей жөнелту механикасын сәтті жолға қойды. Сонымен қатар, жобаның арқасында ауылдық жерлерде, маусымдық қосымша жұмыс орындары пайда болды.  Бұл ретте кооперативтің қатысушылары қол жеткізген жетістіктерімен тоқтамайды. Қазір кооператив жиырмадан астам шаруашылық басын біріктірген үлкен ұжым. «Үлкен кемеге – үлкен теңіз» деген, «Шелек фермерлары» осы қарқынмен дами берсе, тек өз өңірі емес, басқа облыстарды да көкөніспен қамтуы әбден мүмкін.

Міне, кооперативтің, бірігудің күші деген осындай.

Ендеше, біздің «Адал» кооперативі өңірдегі ең ірі сүт беретін кооператив ретінде танылып, бізге де басқа облыстардан тәжірибе алмасуға келер күн болар деп үміттенеміз.

Теректіде оған әлеует те, мүмкіндік те бар!

 

Камелия Өтеу,

Теректі ауданы

   zhaikpress.kz